Нұрхан мен Ілияс
BINOM
Қ.Сәтпаев атындағы BINOM мектебінде Нұрхан және Ілияс деген бозбалалар оқитын, мінездері оңай емес еді екеуінің. Нұрхан – спортшы, өмірде де, ішкі жан дүниесі де рухты, батыл. Үнемі сабаққа кешігіп жүретін, оқуға деген қызығушылығы жоқ еді. Қай жерде төбелес, сол жерді жағалап жүргені. Ұстаздардың шағымы, ата-анасын мектепке шақырту, қайта-қайта қоғамдық жұмыстарға тартуға тырысу – барлығы бос әурешілік. Ал Ілиястың шешімдері мен қалауы тұрақсыз еді: спортпен шұғылданбайтын, қай жерде шу болса, сол жерден табылатын. Оның мақсаты мен арманы қолғапша ауысатын: біресе ҰҚК, біресе әскер, енді бірде «қайда болса, сонда кетем» деп отыратын. Оқығысы келмейтін, төрт жол тақпақтың өзін әрең есте сақтайтын. Бәрі бір сәтте... B-FEST фестивалі өткен күні өзгеріп сала берді.
Мектеп фестивальге «Достар серті» мюзиклін (әйгілі «Дос Мұқасан» музыкалық тобының құрылу тарихы туралы қойылым) дайындап жатқан кезде қойылымға кейіпкер қажет болды: сотқар ұл, көшенің бұзығы. Бірден көз алдымызға Нұрханның бейнесі келе қалды. Оған бұл рөлді қалай ойнауды үйретіп қажет емес, өзі дәл осындай еді. Қимыл-қозғалысы, көзқарасы, мінезі – бәрі шынайы. Ол сахнаға бірнеше минутқа ғана шықты, бірақ осының өзі әділқазылар алқасын өз бейнесіне ғашық етуге жеткілікті болды. Нәтижесінде Нұрхан ең үздік екінші пландағы рөл сыйлығын алып, дәл осы сәттен оның ішкі өзгерісі басталды.
Ал Ілияс ше? Ол қойылымда басты рөлді сомдады. Төрт жол тақпақты жаттай алмай жүрген оқушы монолог оқып, сахнадағы сезімдерді шынайы бойдан өткере бастады, тіпті кейіпкерлер арқылы әлемге өз ақиқатын айта бастағандай. Оның бай қиялы, тұтқиылдан жол тауып кететіні талантының бір қыры болып шыға келді.
– Мюзиклға дейін мен, расымен, мүлдем басқа адам едім. Осы мюзиклға қызығушылық танытқанымның арқасында өзгере бастадым. Ал қазір мюзиклға дейінгі және одан кейінгі Ілиястың екі түрлі екенін ұғындым. Ата-анам менің әскери адам болғанымды қалады, бірақ қойылымнан кейін мен шығармашылықпен айналысқым келетінін түсіндім. Өз таңдауыма бір сәтке болсын өкінген емеспін. Үлкен театр сахнасындағы біздің қойылымдарды сағына еске алып тұрамын. Мінезі о бастан тұйық болған менің көптеген досым B-FEST-тен кейін ашылып, жаңа достар тапты. Осы сәттер мен тәжірибе үшін BINOM-ға алғысым шексіз, - дейді Ілияс.
Екінші мәрте өткен B-FEST-те Нұрхан мен Ілияс фестивальге қатысқысы келетіндердің көш басынан табылды: олар көздері жанып, зор шабытпен сахнаға шықты және әйгілі MAMMA MIA мюзикліндегі басты рөлдерді тамаша сомдады.
Нұрханның сабағы жақсарды, өзіне сенімі артты, грант иегері атанды. Қазір ол Астанадағы беделді жоғары оқу орындарының бірінде білім алуда. Ал Ілияс актерлық саладан өз орнын тапты, мектепті тәмамдағаннан кейін Өнер академиясының актерлық бөліміне оқуға түсті.
Үшінші B-FEST-ке студент Нұрхан мен Ілияс қатысушылар ретінде емес, көрермен ретінде қатысты. Залда отырып, олар актерлармен бірге әрбір сахнаны шынайы сезініп, өздері де сахнаға шыққандай толқыды. Олар үшін BINOM-ның мюзиклдары жай ғана мектеп қойылымдары емес, бұл – өзгерістің бастауы, өздеріне деген сенім оянған және алғаш мәрте нағыз жетістіктің дәмін татқан сәт.
Қазір мектептегі кезеңдер артта қалса да, сахна, көрермен қошеметі және мюзиклдағы сол бір шарықтау сезімі олардың жүрегінде мәңгілікке сақталып қалды.
Тұжырым қарапайым: кейде әр сотқарлықтың артында нағыз әртіс бой тасалап жатуы мүмкін. Егер ол адамға мүмкіндік берілсе... ақыл айтып емес, оған сенім артып, ортаға араластырса, ол өзгеріп қана қоймай, жарқырап-жайнап шыға келуі мүмкін. Бәлкім, кейбіреулер үшін сахна өзін шынайы кейіпте көрсете алатын жол шығар?! BINOM – бұл жай ғана сабақ, баға және емтихан емес. Нұрхан мен Ілиястың оқиғасы – BINOM біз ойлағаннан да көп нәрсе жасап жатқандығына дәлел: ол балалардың өмірден өз орнын табуына, талантын шыңдауға және сенімсіздікті нағыз күшке айналдыруға көмектеседі.